Әбу Мансур әл-Матуридидің иман/таухид түсінігі
Әбу Мансур әл-Матуридидің иман/таухид түсінігі

1. «Алла Тағалаға иман ‒ Оның әл-Уахид, әл-Ахад (жалғыз), ас-Самад (мұңсыз, яғни ешкімге және еш нәрсеге мұқтаж емес) екеніне, Оның тумаған да, туылмаған; Өзіне тең келер ешкім болмаған әл-Фәрд (дара) екеніне иман келтіру/сену. Сондай-ақ жарату ісінің һәм пәрмен беріп, бәрін басқару ісінің (әл-халқ уә әл-ꞌәмр) бір Өзіне ғана тән екеніне; Оны ешнәрсе қауқарсыз қыла алмайтын құдіретті екеніне; Одан ешнәрсе жасырынып қала алмайтын, бәрін білетін шексіз ілім иесі екеніне; Оның Хаким (әр ісі мен әрбір үкімі талай хикметке толы болған даналық иесі) екеніне, (яғни) Оның жаратқандарының рахат пен машаққат, зұлмат пен нұр, ауру мен саулық сынды алуан түрлі мәселелерде сол хикметтен шыға алмайтындығына иман келтіру/сену... Біздің түсінігіміздегі Алла Тағалаға деген иман міне осы. Ең дұрысын Алла біледі!». (Әбу Мансур әл-Матуриди, Тәуиләт әһл әс-Суннә, ред. әл-Хейми, V 121 б.)

 

PS: Матуриди «иман» ұғымына берген бұл анықтамасында нұр мен зұлматтың немесе жақсылық пен жамандық атаулының жаратушысы бөлек, деп сенетін дуалистердің; Алла бір сәт ғапылдыққа/бейқамдыққа бой алдырғанда, содан шайтан пайда болды, деп сенетін мажусилердің; Алланы жаратылысқа ұқсатудың нәтижесінде, Оның баласы бар деп айтуға дейін барған христиандардың (насара); Алла тағдырға жамандықты, ауыру-сырқауды жазбайды дейтін қадариттердің; сондай-ақ Алла пенделерінің істеріне мүлдем араласпайды дейтін мұғтазилиттердің сенімін теріске шығарып, керісінше, жақсылық пен жамандық атаулының жалғыз жаратушысының Алла екенін; Алланың әсте ғапылдыққа/бейқамдыққа бой алдырмайтынын, барлық нәрсені қалт жібермей бақылауында ұстайтынын; жаратылысқа мүлде ұқсамайтынын; тағдырдағы жақсылықты да, жамандықты да Алла жазып, құлдарының барлық істерін бір Өзі жарататынын айтып, шынайы иманның солай сену екенін білдірген.

2. «Аллаға иман ‒ Оны барлық нәрсенің Раббысы етуің (яғни Раббысы деп білуің), жарату ісін һәм пәрмен беріп, бәрін басқару ісін (әл-халқ уә әл-ꞌәмр) бір Өзіне ғана тән (деп білуің)». (Әбу Мансур әл-Матуриди, Тәуиләт әһл әс-Суннә, ред. Бәсәллум, IX 515-516 бб.)

3. «Иман ‒ адамның өз бойындағы һәм өзге жаратылыстардағы Алланың рубубиятына куә болатын дәлелдерді (шын жүректен) растау». Өйткені, не нәрсенің болмасын бойында Алланың рубубиятына куә болатын дәлелдер бар» [Имам Матуриди, Тәуиләт әл-Қуран, 2 т. 271 б.].

«Рубубият» ‒ Алла Тағаланың күллі жаратылыс атаулының Раббысы, яғни, жалғыз Жаратушысы, қамқоршысы, күллі болмысты шексіз ілімі һәм шексіз құдіретімен меңгеріп, басқарушы, бәріне ризық-несібе беруші екеніне қалтқысыз сенімді білдіретін иләһи ұғым.

5. Алла Тағалаға иман ‒ Оның жалғыз екендігіне, улуһиятына, сондай-ақ барлық нәрседе және барлық істе жарату ісінің һәм пәрмен беріп, бәрін басқару ісінің (әл-халқ уә әл-’әмр) бір Өзіне ғана тән екендігіне (шын жүректен сеніп) куә болу.

PS: Рубубият ұғымы Алла Тағаланың күллі жаратылыс атаулының Раббысы, яғни жалғыз Жаратушысы, қамқоршысы, күллі болмысты шексіз ілімі және шексіз құдіретімен бір Өзі меңгеріп, басқарушы, бәріне ризық-несібе беруші екенін білдірсе, Улуһият ұғымы таухид сенімі, құлшылық және мойынсұнушылықтың бір Аллаға ғана арналу керектігін білдіреді.

Алла елшісіне иман ‒ оның барлық істе шыншыл екеніне, айтқан әрбір үкімі мен билігінің әділ екеніне (шын жүректен сеніп) куә болу, сондай-ақ оның барлық сөзін растау, не нәрсеге үндеп шақырса, соның бәрін құп алып қабылдау, Раббысы оған не бұйырып, неден тыйған болса, соның бәрінде оған бойсұну. (Ең дұрысын Алла біледі!)
[Матуриди, Тәуиләт әл-Қуран, 15 Т., 18 б.].

Асқар Әкімханов

Аскар ТауекеловАскар Тауекелов
7 лет назад 4024
0 комментариев
О блоге