Мамандар ана сүті мен жасанды қоспаның айырмашылығын айтты
Мамандар ана сүті мен жасанды қоспаның айырмашылығын айтты

Балаларға арналған сүт қоспасын өндіретіндер, жарнамасында оның сәбиге арнайы жасалғанын және балалардың иммунитетін күшейтетін бифидобактериялар мен физикалық және психикалық жетілуін қамтамасыз ететін заттар бар деп сендіреді. Әрине, қандай да бір жағдайлармен ана баласын емізе алмаса, сүт қоспалары таптырмайтын жол. ҚазҰМУ балалар жұқпалы аурулар кафедрасының доценті Марина Головенконың айтуынша, баланы емізу немесе емізбеуге қатысты талқы әлі де жалғасып жатыр. Жоғары дәрежелі дәрігер Tengrinews.kz тілшісіне баланы табиғи және жасанды жолмен тамақтандырудың ара-жігін ашып айтып берді. 

"Қоғамда қосымша тағамға сүйеніп, маңызды себепсіз баланы ұзақ уақыт бойы емізгісі келмейтін, тіпті мүлде емізбейтін аналар жиі болмаса да, амал не, кездеседі. Бірақ баланы емізу ең алдымен анаға маңызды", - дейді Марина Валерьевна. 

"Баланы емізу немесе емізбеуге қатысты дискуссия әлі жалғасып жатса да, қазіргі таңда емізуге қатысты деректер көбірек. Ол ең алдымен ана денсаулығы үшін маңызды. Жарияланған зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, баланы толыққанды емізетін ананың одан бас тартатындарға қарағанда сүт безі обырына шалдығу қаупі азырақ екен. Баланы неғұрлым ұзақ емізсе, ол осы дерттің алдын алу шарасы болып саналады. Бірақ, бала үшін алғашқы бір-бір жарым жыл ғана емізу маңызды", - дейді дәрігер. 

Головенконың айтуынша, ана сүтімен өскен баланы тәрбиелеу оңай, себебі олар эмоционалды психикалық тұрғыдан анасына жақын келеді. 

"Баланы ұзақ уақыт бойы емізсе, анасымен терең психикалық байланыс орнайды. Олар анасына өте қатты эмоционалды байлаулы және мұндай баланы тәрбиелеу оңай. Себебі, олар эмоционалды психикалық тұрғыдан тілалғыш келеді", - дейді дәрігер. 

"Бала емізу - сәбидің аман қалуы үшін табиғаттың ойлап тапқан механизмі. Себебі, ана сүтінде сәбидің өсіп-жетілуіне арналған барлық құнарлы нәрсе болады. Бірақ, оның максимал тағамдық құндылығы 7 айдан кейін өзгере бастайды. Сүт құрамындағы темір, ақуыз және басқа негізгі құрамдас бөліктердің мөлшері біртіндеп азая береді. Сол себептен 6 айдан бастап балаға құрамында түрлі дәрумені бар қосымша тағам беру кеңес етіледі. Ол сәби ағзасында тапшы компоненттерді толтыруға көмектеседі", - дейді Марина Валерьевна.

Алайда, дәрігер қосымша тағамдардың түр-түрі шығып жатса да, олар ана сүтін толыққанды алмастыра алмайтынын, себебі, онда дайын антиденелер болатынын айтады. 

"Баланы вирус, бактериядан және басқа да аурулардан қорғайтын антидене тек ана сүтінде болады. Себебі, антиденені ана ұзақ уақыт бойы өзі қалыптастырған. Ол - табиғи қорғаныс. Отыз жылдан аса уақыт бұрын Америкада ғалымдар зерттеу жүргізген. Онда түрмеде отырған адамдардың анасын емген-ембегенін анықтаған. Нәтижесінде олардың көбі ана сүтінен айырылған болып шыққан. Осыған қарап адамның психологиялық тұрғысынан бала емізудің маңызды екенін айтуға болады", - дейді маман.

"Ана сүті бала құралған генетикалық материалдың өзі. Сол себепті одан аллергиялық реакция туындамауы керек, әрине егер ана өзі оны тудыратын тағам жемесе. Ал сиыр ақуызынан жасалатын қоспадан балада жиі ағзаның тітіркенуі мен ол тағамға төзбеушілік болып тұрады. Қандай да бір себептермен ана балаға жасанды қоспа беруге мәжбүр болса, бала қалыпты дамиды. Бірақ, олардың иммунды жүйесі ақырын қалыптасады және олар түрлі вирус пен жұқпалы ауруға шалдыққыш келеді. Зерттеу бойынша, ембеген бала табиғи жолмен тамақтанатын балаға қарағанда 4-8 есе көбірек ішек ауруына шалдығуға бейім екен. Сонымен қатар, бұл балалар ЖРВИ (жедел респираторлы вирустық инфекциялар), түрлі аллергиялық аурудан бастап тыныс демікпесіне дейін шалдығуға бейім келеді", - деп қосты жоғары дәрежелі дәрігер. 

Головенконың айтуынша, бала үшін ана сүтінен де маңызды нәрсе бар. 

"Сәби туғаннан кейін ең керегі - ана сүті емес, уыз десе болады. Ол анада босанғаннан кейінгі алғашқы күндері пайда болатын сұйықтық. Оның құрамында қорғаныш антидененің максимал мөлшері болады. Уыз сәбидің тыныс алу жолдары мен ішек жолының шырышты қабығын қаптайды. Сол себептен халықаралық ұсыныс бойынша бала туа салып міндетті түрде емуі керек. Сырт көзге жай ғана сұйықтық болып көрінгенмен, уызды жоғалтып алмау өте маңызды", - дейді ол. 

Әрине, ана сүті бала үшін өте маңызды. Алайда, алматылық терапевт-кардиолог Лейла Оспанованың айтуынша, әр балаға жеке күтім керек. Кейде ана денсаулығындағы ақау сүт арқылы балаға кері әсерін тигізуі мүмкін екен. 

"Мысалы, қаназдықпен ауыратын ана бала жағдайын одан әрі қиындатуы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігерлер қосымша сүт қоспаларын беруді ұсынады. Себебі, қаназдық сәбидің ақыл-ой кемістігіне әкеледі. Ең қорқыныштысы, ол ерте кезеңде басталмайды, бала 19 жасқа келгеннен кейін ғана ауру белгілері байқала бастайды. Сонымен қатар, қаназдық ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Сол себепті, дәрігерлер жүктілік кезінде оны емдеуге кеңес береді. Қаназдық та көп жағдайда бала емізу ұзақтығына әсер етеді", - дейді дәрігер. 

Сәбидің тамақтануы оның салмақ жинауына байланысты екен. Бала дәрігерлері оны ай сайын өлшеп, қадағалап отырады.

Лейла Оспанованың айтуынша, бала жиі мазасызданып, емшек сұрап жылай берсе көп жағдайда ол ана сүтіне тоймауы мүмкін. Ондай жағдайда бірте-бірте қосымша тағамды қолдануға болады.

"Кейде бала туғаннан кейінгі алғашқы айда ана сүтіне тоймайды. Оның түрлі себебі бар, анадан сүт қашады немесе емшегі дұрыс дамымаған болып шығады. Бәлкім, ана ауыратын шығар, я болмаса ота жасалған болуы мүмкін. Бұл қиындықтың шешімін қосымша сүт қоспасынан табуға болады, бірақ баланы ұзақ уақыт бойы тұрақты емізу оның денсаулығына пайдалырақ. Бірақ, ол үш жастан ары созылмауы тиіс, себебі одан ары басқа да қиындықтар туындауы әбден мүмкін", - дейді ол. 

"Жасанды сүт баланың иммунитеті мен ас қорыту жүйесіне және ақыл-ойының дамуына қалай әсер етеді?" деген сұраққа дәрігер Лейла Оспанова табиғи және жасанды сүттің үлкен айырмашылығы анықталмаған дейді. 

"Бұл сұрақты дұрыс түсіну қажет. Балада антидене жетіспегенде оның иммундық жүйесі әлсірейді. Ал антидене ана сүтімен келеді. Баланың ас қорыту жүйесіндегі қиындықтар тек қосымша сүттің сапасыз болуынан туындайды. Сондықтан, оны жеке қадағалау керек. Ақыл-ойдың дамуына да жасанды сүт кері әсерін тигізбейді, мұнда үлкен айырмашылық анықталмаған. Десе де дәрігерлер баланың иммундық жүйесін күшейту үшін оны емізуге кеңес береді", - дейді Лейла Оспанова.

Аскар ТауекеловАскар Тауекелов
5 жыл бұрын 2209
0 пікір
Блог туралы